ГлавнаяРегистрацияВход БУРЛИНСКАЯ CЕЛЬСКАЯ МОДЕЛЬНАЯ БИБЛИОТЕКА Четверг, 18.04.2024, 20:38
  Бөрлі аудан тарихы Приветствую Вас Гость | RSS

 
 

Бөрлі ауданы тарихы

 

 

     Бөрлі ауданы – еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан, бай тарихында із қалдырған даңқты оқиғаларға толы қасиетті өлке. Бөрлі өңірінің әкімшілік-аумақтық құрылымы, экономикалық –шаруашылық әлеуеті, табиғи және қазба байлықтары, көне заманнан қазіргі кезге дейінгі тарихи жан-жақты дамыған. Қасиеті ерекше, тарихы терең, қазынаға бай өлке екендігі сөзсіз.

    Бөрлі ауданы, XVIII ғасырдың басынан өзінің апта сайынғы базарлары мен танымал қазіргі Бөрлі селосының маңындағы бор қыртыстары бар жерге байланысты өз атауын қазақтың «Борлы» деген сөзінен алған. Қазақтар мал, жүн және олардан жасалған өнімдерді, былғарылар сатқан. Орыс, татар, башқұрт саудагерлері қағаз, метал бұйымдарын, киімдерді, үй жабдықтарын әкеліп сатқан. Кеңес үкіметі жылдары Бөрлі ауданының аумағы өзінің әкімшілік бағыныштылығын бірнеше рет өзгертті. 1920 жылдан 1927 жылға дейін Бөрлі болысы Орынбор облысының Илек уезінің құрамына кірді. 1927 жылдың наурыз айынан 1928 жылғы қаңтар айына дейін Орал облысының, Орал уезінің, 1928 жылдан осы облыстың Зауральный ауданының құрамында болды.

 

 

 

      Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының орталық атқарушы комитеті Президиумының 1935 жылғы 9 қаңтардағы қаулысымен Бөрлі селосы болып Бөрлі ауданы құрылды. Жаңа ауданның құрамына жалпы ауданы – 3937,4 шаршы метр жерімен, тұрғындар саны – 11195 адаммен Шыңғырлау ауданының 8 селолық Кеңесі және Теректі ауданының 7 селолық Кеңесі кірген болатын. Осы сәттен бастап Бөрлі ауданының әкімшілік – аумақтық құрылым ретінде дербес тарихы басталады.

    1935 жылғы 27 ақпанда ҚР БКП (б) бюросының мәжілісінде аудандық ұйымдар құрылып, жасақталды. Жоспарлау комиссиясы, жер бөлімі, аудандық қаржы бөлімі, денсаулық сақтау, халықтық білім беру бөлімдері, аудандық байланыс, әлеуметтік қамтамасыз ету, сыртқы сауда, аудандық коммуналдық шаруашылық, аудандық жабдықтау сынды бөлімдер құрылды. Сонымен қатар, МЖББ аудандық бөлімі, милиция, прокуратура, ауылшаруашылығы банкі құрылып, халық соты сайланған болатын.

        Қайта құрылған ауданның сол кездегі уақыт бойынша экономикалық базасы күшті болды. Оған 2 кеңшар (совхоз), 24 ұжымшар (колхоз), 3281га егістігі, 25585 бас қой мен ешкілері, 1356-шошқасы, 506 жылқысы, 1232-жұмысшы өгіздері, 93-түйесі бар Бөрлі және Қарашығанақ 2 МТС кірді.

     Ауданның әлеуметтік жағдайы өсе бастады. 1936 жылы 18 мектеп болса, 1940 жылы 20 мектеп, соның ішінде 11 қазақ және 9 орыс мектебінде 864 оқушы оқыды. 13 селолық Кеңестерде ересектерге арналған кешкі мектептер ашылды, онда 1,5 мың адам оқыды. Ауданда 85 орындық 1 аудандық аурухана, 4 учаскелік ауруханалар, 7 фельдшерлік-акушерлік пункттер қызмет атқарды. Жәнібек, Приуальное, Қарашығанақ, Березов селолық Кеңестерінде клубтар, ал Миргород пен Қоспа ауылдарында қызыл шайханалар жұмыс жасады. 1935-1940 жылдары ауданды радиомен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, алғашқы радионүктелері Бөрлі, Приуральное, Қарашығанақ, Березовка селоларында орнатылды. 1939 жылы Бөрлі селосында ауданның селолық Кеңестері және ұжымшарларымен байланыстыратын 120 нөмірге арналған телефон стансасы жұмыс істеді. Осы жылдары аудандағы Қазақстан теміржол стансасы да дами түсті. Бұл жерде депо, вагондарды техникалық қарау пункті, электр стансасы, сумен жабдықтау жүйелері салынды. Бір мезгілде теміржолшыларға арналған тұғын үйлер, әлеуметтік нысандар теміржол ауруханасы, №46 (кейін №523, №69 және №5) мектеп, №48 теміржол балабақшалары салынды.

    1936 жылы теміржол құрылысының аяқталуына және Бөрлі ауданының құрылуына байланысты Қазақстан стансасына астық қабылдау пункті ауыстырылды.

     1940 жылы Қазақстан стансасы қала үлгісіндегі (типтес) поселке болып қайта құрылды. Аудан аумағы ішінара өзгерістерге ұшырап, алайда тұтастай алғанда әкімшілік-аумақтық негіздеу үрдісі аяқталды. Қарашығанақ мұнай-газ кеніші орнын игерудің басталуымен ауданның маңызы облыс өмірінде ғана емес, бүкіл Қазақстанда күрт шарықтады. Аудан орталығы еліміздің қазіргі заманғы және жас қалаларының бірі –Ақсай қаласы болды.

 

 

       Ауданның негізгі тарихи қалыптасқан халқы – қазақтар. XIX ғасырдың басында мұнда қазақтар мекендеді. XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың бас кезінде мұнда орыс-украин шаруаларының қоныс аударуының нәтижесінде халықтың көп ұлтты құрамы қалыптасты. 70-80 жылдары аудан белсенді көші-қон орталығына айналып, мұнда КСРО-ның түкпір-түкпірінен мыңдаған адамдар келді. Герман Демократиялық Республикасынан, Чехославакия Социалистік Республикасы мен Болгар Халық Республикасынан келген мамандар мен жұмысшылардың білімдері мен тәжірибелері, жабдықтар кеңінен қолданылды. 90-шы жылдары жаңадан қалыптасқан тарихи жағдайда, Қазақстан мен әлемнің бірқатар ірі компаниялары Қарашығанақ кенішін бірлесіп игеріп, өнімдерді өзара бөлісу жөніндегі түпкілікті келісімге қол қойғаннан бастап Бөрлі ауданы қарқынды дами бастады. Қазіргі кезде Бөрлі ауданы – Қазақстанның ең бір жан-жақты дамып келе жатқан аудандарының бірі. Мұнда дүниежүзінің 20-дан астам елінің мамандары мен жұмысшылары тұрып, еңбек етіп жатыр.

 

 


 

      Қазіргі таңда тұғырлы тәуелсіздігіміздің арқасында қойнауы құт, жайлауы малға, өзендері балыққа толы бақ-дәулет дарыған ауданымыздың әлеуметтік–экономикалық ахуалы да жыл санап өрге басып, даму үстінде.

      Қазіргі кезде ортағасырлық мәдениет бүгінгі қазақ халқының салт-дәстүрлерінде, мәдениетінде және Елбасымыздың сара саясатында өз жалғасын табуда. Бөрлі өңірі - аудан орталығы болып отырған қайталанбас өзіндік бейнесі, мінезі бар, тұғыры биік, өнегелі - қасиетті жер. Қол жеткен жетістіктердің бәрі өміріміздегі жақсылық атаулыны сақтап, өздерінің даналық қасиеттерін жастардың бойына сіңірткен аға ұрпақтың, соғыс және еңбек ардагерлерінің парасаттылығы мен төзімділігі, жастардың мақсаттылығы мен болашаққа деген талпынысының арқасында Тәуелсіздік нұрымен көркейген өлкенің болашағы бұдан да арайлы болмақ. Бүгінгі қол жеткізіп отырған табыстарымыз осымен шектелмейді. Бұл аумақты әлеуметтік дамытудағы алғашқы қадамдар. Ынтымақты елдің алмайтын асуы болмайды.

 

 
 
Вход на сайт

Календарь
«  Апрель 2024  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930

Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

 

Бөрлі кітапхана © 2024
Бесплатный хостинг uCoz